Елордалық мектепте Judo in Schools («Мектептегі дзюдо») бағдарламасы аясында Қазақстанда алғаш рет мамандандырылған мектептік дзюдо залының салтанатты ашылуы өтті. Жоба ҚР ОАМ Ұлттық ғылыми-практикалық дене тәрбиесі орталығының бастамасымен Халықаралық дзюдо федерациясы, Қазақстан дзюдо федерациясы және «Жеңіс» спорт клубымен бірлесіп жүзеге асырылуда.
Бағдарлама заманауи спорттық құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген, әдістемелік тұрғыда толық қамтылған мектептік дзюдо залдарының желісін кезең-кезеңімен қалыптастыруға бағытталған.
Алғашқы кезеңде №45 мектептің («Келешек мектебі») дзюдо залы толықтай жаңартылып, заманауи спорттық жабдықтармен қамтылды. Оқу орнына оқушыларға арналған арнайы спорттық құрал-жабдықтар мен дзюдоға арналған кимоно жиынтықтары тегін негізде тапсырылды. Қазіргі таңда елімізде дзюдомен шамамен 150 мыңға жуық адам айналысады, оның 35 мыңы – балалар.
Залдың ашылу күні ҚР Туризм және спорт министрлігі, ҚР Оқу-ағарту министрлігі, Халықаралық дзюдо федерациясы, Қазақстан дзюдо федерациясы және «Жеңіс» спорт клубы арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Құжат мектеп спортын дамыту бағытындағы тараптардың өзара іс-қимыл тетіктерін жүйелі түрде нығайтуды көздейді.
Айта кету керек, дзюдо залдарының ашылуы мектептердегі дене шынықтыру сабақтарын алмастыруды емес, керісінше, білім беру ұйымдары базасында қосымша спорттық секцияларды дамытуға бағытталған. ҚР ОАМ Ұлттық ғылыми-практикалық дене тәрбиесі орталығы дене шынықтыру мұғалімдерінің мамандануын, кадрлық әлеуетті және мектептердің материалдық-техникалық мүмкіндіктерін ескере отырып, республикалық спорт федерацияларының қолдауымен түрлі спорт түрлері бойынша секцияларды кезең-кезеңімен енгізуді жоспарлап отыр.