БІР МАҚСАТ, ОРТАҚ НӘТИЖЕ: ӨҢІРЛІК ОРТАЛЫҚТАРМЕН ҚОРЫТЫНДЫ КЕҢЕС

БІР МАҚСАТ, ОРТАҚ НӘТИЖЕ: ӨҢІРЛІК ОРТАЛЫҚТАРМЕН ҚОРЫТЫНДЫ КЕҢЕС


Ұлттық ғылыми-практикалық дене тәрбиесі орталығының бас директоры Арман Ташметов өңірлік орталықтардың басшылары мен өкілдерінің қатысуымен қорытынды кеңес өткізді. Жиын барысында 2025 жылы атқарылған жұмыстардың нәтижелері сараланып, алдағы кезеңге арналған жоспарлар айқындалды.

Атап айтқанда, биыл алғаш рет Ұлттық мектеп лигасының финалистері демеушілер тарапынан арнайы сыйлықтармен марапатталды. Сондай-ақ 17 спорт федерациясымен ынтымақтастық меморандумдарына қол қойылып, олардың әрқайсысымен балалар мен жастар арасында дене белсенділігін дамыту, мектептерде спорт секцияларын ашу және спорт залдарын қажетті құрал-жабдықтармен — татами, футбол доптары және өзге де спорттық құралдармен қамтамасыз ету бағытында жүйелі жұмыс жүргізілуде.

Кеңес барысында дене шынықтыру пәні мұғалімдерінің біліктілігін арттыру мәселесіне де ерекше назар аударылды. Ақылы негізде оқудан өткен педагогтер алғаш рет бір мезетте үш сертификатқа ие болды: Орталықтан және екі салалық спорт федерациясынан. Бұл олардың тиісті спорт түрлері бойынша жаттықтырушы санатын растауына мүмкіндік берді.

Кездесу барысында халықаралық ынтымақтастықты кеңейту, біліктілікті арттыру курстарын жетілдіру, оқушыларға арналған мектептік дене жаттығу кешенін толықтыру, сондай-ақ өңірлердегі спорт залдарының материалдық-техникалық базасын нығайтуға қатысты ұсыныстар айтылды. Барлық ұсыныстар назарға алынып, алдағы жұмыста пысықталатын болады.

Жиын соңында Арман Ташметов әріптестерін бірлесіп, үйлесімді жұмыс істеуге шақырып, білім беру жүйесінде дене шынықтыру мен спортты дамытудағы ортақ жауапкершілікті атап өтті.


Галерея